Агроөнеркәсіптік кешен субъектілері мемқолдау шараларына тең қол жеткізуі тиіс – Үкімет басшысы
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру жұмыстарын жылдамдату керек. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысы көктемгі егіс жұмыстарын сапалы және уақтылы жүргізу қажеттігін ерекше атап өтті. Диқандарды арзандатылған дизель отынымен, тұқыммен, тыңайтқыштармен және пестицидтермен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет. Облыстардың әкімдіктері тиісті технологияларды қолдану арқылы ылғал қорын сақтау және оны үнемдеп пайдалану бойынша іс-шараларды қабылдауы қажет», - деді Әлихан Смайылов.
Осы ретте Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру жұмыстарын жылдамдату керектігін баса айтты.
«Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы жылғы 1 маусымға дейін бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйе құра отырып, мемлекеттік қолдау механизмін қайта қарауды және оңтайландыруды, сондай-ақ ақпараттық жүйеге тегін кіруді қамтамасыз етуді тапсырамын. Шаруашылық көлемі мен нысанына қарамастан агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін мемлекеттік қолдау шараларына тең қол жеткізу және олардың қарсы міндеттемелерін бекіту міндетті шарт болуы тиіс», - деді Премьер-Министр.