Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасын іске асыруға 5 жылда 1 трлн. теңге қаржы қажет - А. Күрішбаев

АСТАНА. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасын іске асыруға 5 жылда 1 трлн. теңге қажет болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасының жобасы бойынша баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлім етті.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасын іске асыруға 5 жылда 1 трлн. теңге қаржы қажет - А. Күрішбаев

«Бағдарламаны іске асыру кезінде жалпы 5 жылға 1 трлн. теңге қажет болады. Субсидиялардың үлесі 20 пайыздан 25 пайызға дейін артады», деп атап өтті ведомство басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, аталған бағдарлама аясында егіншілік саласын әртараптандыру шаралары жүргізіліп, оның есебінен егістік алқаптарының құрылымы ғылыми негізделген деңгейге дейін жеткізілетін болады. 5 жылдың ішінде астықтың жалпы өндірісінің орташа жылдық көлемі 17,8 млн. тоннаға, экспорттық әлеует 6,7 млн. тоннадан 8,6 млн.тоннаға немесе 28 пайызға ұлғаяды.

Сондай-ақ астық экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнімінің үлесі 32 пайыздан 50 пайызға дейін артады. Мұнымен қоса ішкі тұтынудағы отандық қант қызылшасынан өндірілген қанттың үлесі 5 пайыздан 17 пайызға дейін өседі деп күтілуде. «Асыл тұқымды малдардың орташа үлесі 6-дан 14 пайызға дейін ұлғаяды. Ал құс шаруашылығын дамыту жұмыстары импорттық тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді», деп атап өтті А. Күрішбаев.

Министрдің айтуынша, еліміздегі ішкі тұтыныстағы құс еті импортының үлесі 58 пайыздан 25 пайызға төмендейді.