Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау - даму көзі - Қ.Досқалиев
Бұл жайында «Нұр Отан» ХДП « Ойтоған» бастауыш партия ұйымының мүшесі, «Матай» шаруа қожалығының төрағасы Қанат Досқалиев ҚазАқпарат тілшісімен сұхбаттасу кезінде айтты.
Қ.Досқалиев қазіргі дүниежүзілік қаржылық дағдарыс кезінде ішкі тұрақтылыққа, дамудың әлеуметтік іргетасын беріктендіруге барлық күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет деп санайды. «Жұмысшылардың әлеуметтік жағынан қорғалуына, олардың отбасылық қамсыздандырылуына барлық қажетті жағдайлар туғызылуда. Ең алдымен балалар, көпбалалы аналарға, ардагерлерге, мүгедектерге жағдай жасау алғы мақсат болып белгіленген», -дейді ол.
Сонымен қатар ол жастарды жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу қолға алынып жатқандығын айтады. «Өзіміздің ұйымдастырған шаруашылықта да жастарды жұмысқа тарту, жаңа жұмыс орындарын қарастыру мәселесін алғы шартты міндетіміз деп білеміз»,-дейді «Матай» шаруа қожалығының төрағасы.
Оның айтуынша, Жолдауда агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жолдары да нақты айтылған. «Еліміз үшін аса маңызды міндет - ата-бабамыз айналысып келе жатқан кәсіп - мал шаруашылығын өркендету, оған қомақты қаражат бөлу. Сондықтан да біз тауарлы-сүт фермаларын, құс фабрикаларын, мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру мен дамыту, ет өңдеу өндірісін дамыту керек деп ойлаймыз, бұл ауылдық жерлерге көп көмегін тигізетіні сөзсіз», - дейді Қ.Досқалиев.
Сондай-ақ ол бұл бағыттағы шаралардың іске асуына бір кісідей атсалысып, Елбасының жүргізіп отырған саясатын толық қолдайтындығын жеткізді.