Агроөнеркәсіп саласына жасанды интеллект енгізуге грант бөлінеді
АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі инновациялық гранттар бөлу туралы бұйрыққа өзгерістер енгізіп, толықтырды. Бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Атап айтқанда, инновациялық гранттар тізіміне аргоөнеркәсіптік кешен және жасанды интеллектті қолданатын технологиялар еніп отыр.
Агроөнеркәсіп саласындағы инновация мен технологиялық трансформация ауыл шаруашылығына, әлеуметтік-экономиканың дамуына не әкеледі:
1. Агротехнология ауылшаруашылық кәсіпорындарының әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді;
2. Өндіріс шығындарының төмендеуі және өнімділіктің артуы сәйкесінше фермерлердің табысын арттырады;
3. Агротехнологияларды дамыту ауыл шаруашылығында және онымен байланысты салаларда жаңа жұмыс орындарын құруды ынталандырады.
Сондай-ақ министрлік жасанды интеллекттің дамуы әртүрлі салаларда көптеген артықшылықтарға ие екенін айтып отыр, оның ішінде еңбек өнімділігін арттыру, деректерді талдау, сонымен қатар болжау мен жоспарлау жасанды интеллект таптырмайтын құрал.
Құжат жобасы биыл 18 ақпанға дейін қоғам талқысына ұсынылды.
Еске сала кетсек, былтыр Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық салаға айналдыру керектігін айтқан еді.