Агроөнімдеріміз әлемнің 80-нен астам еліне жеткізіледі – Қасым-Жомарт Тоқаев

Ауыл шаруашылығы өнімдеріміз әлемнің 80-нен астам еліне жеткізіледі – Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Аqorda

РИМ. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан-Италия» инвестициялық дөңгелек үстелі барысында ауыл шаруашылығы саласында бірлескен инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыру үшін зор әлеует бар екеніне тоқталып, Италия бизнес-элитасының назарын осы бағытқа аударды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен мәлім етті.

«Территориямыздың 70 пайыздан астамы ауыл шаруашылығына жарамды. Еліміз Орталық Азиядағы астықты өлке саналады. Біз бидай мен ұн өндіру бойынша әлемдегі он елдің қатарына кіреміз. Ауыл шаруашылығы өнімдеріміз әлемнің 80-нен астам еліне жеткізіледі. Әлемде азық-түлік тапшылығы артып келе жатқанын ескере отырып, біз осы сектордың өнімділігін үш есе және экспортты екі есе арттыруды көздеп отырмыз. Қазақстан италиялық серіктестерімен бірге дәнді және майлы дақылдарды өсіру, сондай-ақ макорон, ет және сүт өнімдерін өндіру бағыттарындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі», – деді Президент.

Мемлекет басшысы дөңгелек үстелге қатысушыларды биотехнология, фармацевтика салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктер туралы хабардар етті. Қасым-Жомарт Тоқаев Италияның бірқатар ірі компанияларын Қазақстанда жергілікті өндіріс ашуға шақырды. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев IT-саласын дамытудың және «Астана» халықаралық қаржы орталығының артықшылықтарына арнайы тоқталды.

Қ.Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның әлеуетті инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Сондай-ақ кездесуге қатысушыларды «Астана» халықаралық форумына қатысуға шақырды.

Жиын барысында Италия Республикасы Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары – Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Антонио Таяни, CDP тобының бас атқарушы директоры Дарио Сканнапьеко, Confindustria компаниясының интернационалдандыру жөніндегі вице-президенті Барбара Джакомелло, CONFAPI компаниясының президенті Кристиан Камиса, Leonardo SpA тобының президенті Стефано Понтекорво, Fincantieri SpA компаниясының бас атқарушы директоры Пьерроберто Фолгьеро, PetrolValves компаниясының бас атқарушы директоры Сандро Малкори, Pietro Fiorentini компаниясының бас атқарушы директоры Паоло Нарди және тағы басқалар экономиканың тиісті салалары бойынша Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларына қатысты көзқарастарын білдірді.

Соңғы жаңалықтар