Агросалада Қазақстаннан Тәжікстанға экспорт артып келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстаннан Тәжікстанға астық, май және ет өнімдерінің экспорты артып келеді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агросалада Қазақстаннан Тәжікстанға экспорт артып келеді

«2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Тәжікстан арасында агроөнеркәсіп кешені саласында тауар айналымы 38 пайызға артты. Осы орайда бұл саладағы тауар айналымы 578 млн АҚШ долларын құрап, оның 400 млн доллардан астамы Қазақстан экспортына тиесілі», - деді Е. Қарашөкеев елордадағы Қазақстан-Тәжікстан бизнес-форумында тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, аталған елге дәстүрлі түрде астық экспортталып жатыр. Сонымен қатар, Тәжікстанға шұжық өнімдері, балмұздақ, май және ет өнімдерін жеткізу көлемі артты.

«Жалпы, экспорт құрылымында өңделген өнімнің үлесі өсіп отыр. Атап айтқанда, биыл осы саладағы тауар айналымында оң көрсеткіштер болады деген жоспар бар. Ертең елімізге Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон сапармен келеді. Бұл тұрғыда агроөнеркәсіп кешені саласындағы ынтымақтастықты кеңейту бағытанда жол картасына қол қойылмақ», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, Тәжікстаннан жеміс-жидек, көкөніс импортталып жатыр.