Агросалаға субсидия бөлуге қатысты жемқорлық: ҚР АШМ мәлімдеме жасады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жүргізіп жатқан тергеулерге қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялау тетіктерін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен бірлесіп, анықталған проблемаларды жүйелі түрде қарайтын және шешу жолдарын әзірлейтін арнайы жұмыс тобы құрылды.
2021 жылғы 9 тамыз бен 20 қыркүйек аралығында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Тексеру мерзімі екі рет 30 қыркүйекке дейін және 15 қазанға дейін ұзартылды.
Тексеру жүргізу кезінде саланы субсидиялау бойынша қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге талдау жасалды, орын алған олқылықтар мен кемшіліктерді жою бойынша нақты ұсыныстар әзірленді», - делінген министрлік мәліметінде.
Ведомство хабарламасына сүйенсек, ауыл шаруашылығын субсидиялаудың жаңа тәсілдері әзірленген.
«Олар субсидиялау бағыттарын оңтайландыруды және олардың тетіктерін жеңілдетуді көздейді. Бұдан басқа, шаруашылық жүргізудің мөлшері мен нысандарына қарамастан, барлық субъектілер үшін мемлекеттік қолдау шараларының тең қолжетімділігі қамтамасыз етілетін болады. Бұдан бөлек, субсидия алушылардың нақты индикативтік көрсеткіштермен түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу бойынша қарсы міндеттемелер алуы арқылы олардың жауапкершілігін арттыратын нормалар енгізілетін болады.
Сонымен қатар, асыл тұқымды мал шаруашылығының заңнамалық базасын одан әрі жетілдіру, оған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын болдырмайтын қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы жұмыс жүргізілуде. Тиісті заң жобасы қазір ҚР Парламенті Мәжілісінде қарастырылуда.
Адами фактордың бұл процестерге әсерін болдырмау мақсатында жануарларды есепке алу және жануарлар туралы ақпаратты АШЖБ (ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру) дерекқорына беру процестерін автоматтандыру бойынша ветеринария саласының қызметін цифрлық форматқа көшіру жоспарлануда «, - делінген ҚР АШМ мәлімдемесінде.
Атап өтілгендей, жалпы, субсидиялау тетіктерін жетілдіру бойынша ұсынылатын шаралар барлық мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен талқыланатын болады және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң сараптамадан өтеді.
Еске салайық, 4 қараша күні жұмыс сапарымен Павлодар облысының Екібастұз қаласына барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев моноқалаларды дамытуға қатысты кеңес өткізді.
Онда жемқорлыққа қарсы қызметке ауыл шаруашылығы саласына субсидия бөлу мәселесіне сараптама жүргізуді тапсырған болатын.
«Ауыл шаруашылығын субсидиялау жайында. Соңғы 5 жылда бұл мақсатқа 2 трлн теңгеден астам қаражат бөлінді. Нәтижесінде не болды? Бюджет қаражаты жұмсалады, оның жұмсалуына бірыңғай бақылау жоқ. Айтарлықтай экономикалық тиімділігі де жоқ», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке прокуратурамен және басқа да органдармен бірге бұл салаға кешенді сараптама жасауды тапсырдым. Оған қоғамды және аграрийлердің өздерін де тарту керек», - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ бұған дейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің арнайы ауқымды операциясы нәтижесінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынысты бөлімшелер мен ұйымдардың және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының және Ақмола, Түркістан, Жамбыл облыстары, Шығыс Қазақстан, батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарының әкімдіктерінің лауазымды тұлғаларынан тұратын қылмыстық топтар әшкереленгені хабарланған болатын.
«Олар субсидиялауға бөлінген қаражатты жымқырумен айналысқан, кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара мен заңсыз сыйақы алудың жемқорлық схемасын ұйымдастырған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Заттай дәлделдер алынды. Қылмысқа қатысы бар 30-дан астам адам анықталды, олардың көпшілігі қазір кінәсін толық мойындап, тергеу тобымен ынтымақтастық орнатуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді», - деген еді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының көмекшісі Шыңғыс Әлекешев.