АҒЫБАЙ БАТЫР КЕСЕНЕСІ
Ұлытау өңірінде кіндік қаны тамған батырлардың ең көрнектілерінің бірі - Ағыбай Қоңырбайұлы. 1802 жылы Ұлытау өңірінде туған Ағыбай батыр - Кенесары ханның бас батыр дәрежесіне көтерілген қолбасшы. Ол патша әскерімен шайқастарда ұтымды әдіс-айла, тосын тапқырлық қолдану арқасында әрдайым жеңіске жетіп отырғандықтан «Ақжолтай Ағыбай» атанған. Халық арасында оны руын көрсетіп, шұбыртпалы Ағыбай деп те атаған. Батырдың сарбаздары дұшпанға «Ағыбайлап»шабатын болған.
Ағыбай батыр бастаған қол 1826-1849 жылдары Ресей әскерлерімен бетпе-бет шайқасып, бірнеше рет күйрете соққы берген. Ресей империясының Қазақстандағы тірек-орталықтары - Қарқаралы, Ақтау, Ақмола, Екатерин бекіністеріне шабуыл жасап, патша әскерлерін Ырғыз, Тобыл өзендері бойындағы ұрыстарда, Қызылжар, Көкшетау шайқастарында тас-талқан етіп жеңген. Кейінірек, 1849 жылға дейін Ресей үкіметінің қамалдарына өз бетінше шабуылдар жасаған. Өмірінің соңғы кезеңінде егіншілікпен, балық аулаумен айналысқан. 1885 жылы Ағыбай батыр қайтыс болғанда патша әкімшілігі оның денесін Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне жерлеуге ұлықсат бермеген. Батыр соңғы кезінде мекендеген Сарыарқа мен Бетпақдаланың шектескен Тайатқан-Шұнақтағы Босаға өзенінің алқабына жерленген. Кенесарының бас батыры Ағыбайдың өмір жолы қазақ тарихшылары мен қаламгерлерінің шығармаларына арқау болған. Ағыбай батырдың 200-жылдық мерекесі республикамызда ауқымды шаралармен аталып өтті.
Ағыбай батыр кесенесі шаршы түрінде салынған жалпы аумағы 8.80 х 8.58 метр, бір бөлмелі күмбезді ғимарат. Сыртқы бұрыштары қосар мұнаралармен өрнектеліп, күмбезі өріліп шығарылған. Ілкіде ұшар басына Ағыбай батырдың самаурыны қойылған. Кіретін бөлігі жеңіл ағашпен айван үлгісінде жабылып, оңтүстіктен шығарылған. Бөлменің ішкі бұрыштарындағы ширек бағаналар күмбез шеңберімен бірігіп кеткен. Бөлменің төменгі жағы ақ түсті, жоғарғы жағы сарғыш түсті әкпен әктелген. Кесене ішінде 12 мәйіт бар. Ағыбай батырдың сағанасы бөлменің түкпірінде солтүстік-батыс бұрыштан екінші орында жатыр.
Дерек көздері:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 1 том,
Қ.Ахметов, «Ұлытау», «Менің Отаным - Қазақстан» сериясы.