Ағылшындар баланы құтқарып қалған мысықты әспеттеп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Англияның Донкастер қаласында баланы бұзақылардан қорғап қалған Смадж атты мысыққа «Британияның жыл мысығы» атағын беру ұсынылып отыр.
Бес жасар Итан Фентон інісімен аулада ойнап жүрген кезде оларға ересектеу үш бала келіп, тиісе бастайды. Мән бермеген Итанды бұзақылардың біреуі итеріп жібереді. Осыны терезеден көрген аналары жүгіріп жеткенше, мысық балаға араша түскен. Оқша атылған мысық бұзақылардың біреуіне жабысады. Бұдан қатты қорыққан зәбір көрсетуші жылап жіберіпті. Осылайша, мысық иесіне адалдық танытып, оны арашалап қалған.
Үй жануары бұған дейін мұндай «ерлігімен» ерекшеленбепті. Бір қызығы, осы оқиғадан кейін ол баланың қасынан шықпайды екен. Кей адамдардың қолынан келмейтін адалдықты мысықтан көрген британдықтар оған дән риза, деп жазады Лента.ру.