Ағымдағы жылдан бастап елімізде 5 конструкторлық бюро ашылады

АСТАНА.Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ағымдағы жылдан бастап елімізде 5 конструкторлық бюро ашылады. Бұл туралы бүгін елордада ұлттық инновациялық жүйені құруға арналған брифинг барысында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрмұхамбет Әбдібеков айтты.

Ағымдағы жылдан бастап елімізде 5 конструкторлық бюро ашылады

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта Қазақстанда 2 конструкторлық бюро өз жұмысын бастап та кеткен. Олардың бірі Астана қаласында орналасқан көліктік машина жасау конструкторлық бюросы болса, екіншісі де осы саланы қамтиды. Алайда ол тау-кен саласындағы құрал-жабдықтарды жобалаушы мекеме ретінде өз қызметін бастаған.

«Келесі жылы біздің жоспарымызға сәйкес ашылатын бюро да машина жасау саласына қатысты болады. Бірақ ауыл шаруашылығы техникаларын жобалайды», деді вице-министр.

Н.Әбдібековтің пайымынша, елімізде жұмыс істеп тұрған машина жасау зауыттары мен мекемелері бұл мүмкіншілікті пайдаланып, өздерінің сырттан трансферт арқылы алуға ниеттенген технологиялардың құжаттарын осы бюролар арқылы сатып алуға, жасатуға мүмкіндік туады.

Сонымен ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жоспарына сәйкес, 2011 жылдың соңына дейін Петропавлда мұнай-газ құрал-жабдықтары, Көкшетауда ауыл шаруашылығы техникалары, ал Алматы қаласында прибор жасау бойынша конструкторлық бюролар құрылмақ.