Ағымдағы жылдың 1-тоқсанында жаңа «Жұмыспен қамту» жол картасы бағдарламасы әзірленеді - Т.Дүйсенова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 1-тоқсанында жаңа «Жұмыспен қамту» жол картасы бағдарламасы әзірленеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар және даму» атты Жолдауын жария еткеннен кейін еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова айтты.

Ағымдағы жылдың 1-тоқсанында жаңа «Жұмыспен қамту» жол картасы бағдарламасы әзірленеді - Т.Дүйсенова

«Бүгін Мемлекет басшысы жаңа әлеуметтік саясатты жария етті. Бұл саясатта үш мәселеге баса назар аударған жөн. Біріншісі, халық алдындағы барлық мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелерді қамтамасыз ету. Бұл сараланған түрдегі жалақы төлеудің жаңа жүйесіне көшуге байланысты мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын көтеру, мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік төлемдерді, шәкіртақыны арттыру», - деді ол.

Министрдің айтуынша, Елбасы көтерген жаңа әлеуметтік саясаттағы екінші мәселе атаулы әлеуметтік көмекті қамтиды.

«Үшіншісі, атаулы әлеуметтік көмек көрсету барысындағы әлеуметтік әділдік. Осыған орай, Мемлекет басшысы берген тапсырмаға сәйкес ағымдағы жылдың 1-ші тоқсанында жаңа «Жұмыспен қамту» жол картасы бағдарламасын әзірлеуге тиіспіз», - деді Тамара Дүйсенова.