Ағымдағы жылдың 11 айында 24 іздеу салынған азамат шетелдерден Қазақстанға қайтарылды - Бас прокуратура

АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қылмыс жасап шет елдерге қашып кеткен 24 азамат ағымдағы жылдың 11 айында Қазақстанға экстрадицияланды. Олардың 9-ы Украина, Грузия, Түркия, Испания және Швеция сияқты Еуропа мемлекеттерінен қайтарылды.

Ағымдағы жылдың 11 айында  24 іздеу салынған азамат шетелдерден Қазақстанға қайтарылды - Бас прокуратура

Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев айтты.

«Мәселен, азаматша Н.Шакированы қастандықпен өлтірген қылмыскер Келес Мамбетовты экстрадициялауға қатысты Бас прокуратураның сауалы Испанияның мемлекеттік сотымен толық қанағаттандырылып, өз қолдауын тапты»,-деді ресми өкіл. Сонымен қатар ол биыл шілдеде Түркия мемлекеті лауазымын теріс пайдаланғаны үшін айыпталған ҚР ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Асқар Исағалиевты қайтарғанын еске салып өтті.

«Швецияның құқық қорғау органдары Стокгольм қаласында, қарақшылық шабуыл жасағаны үшін іздеу салынған Қазақстанның тағы бір азаматы А.Ырысметовты ұстап, экстрадициялау мақсатында қамауға алынды»,-деді Ж. Өмірәлиев.

Тамыз айында тек Украинаның өзі елімізде қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген 5 қазақстандық азаматты қайтарған.

«Еуропа елдерінің аталған шешімдерді қабылдауына, Бас прокуратураның осы елдердің құзыретті органдарымен өзара байланысты қалыптастыруға бағытталған белсенді жұмысы үлкен септігін тигізді. Қылмыс жасаған қазақстандық азаматтарға қатысты экстрадиция үдерісіне тіпті Испания мен Швеция сияқты мемлекеттермен халықаралық келісімдердің жоқтығы да кедергі бола алмады»,-деді реси өкіл.