Ағымдағы жылдың 11 айында Қазақстанның ІЖӨ өсімі 4,2 пайызды құрады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 11 айында Қазақстанның ішкі жалпы өсімі 4,2 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымова мәлім етті.
«Ұлттық экономика министрлігінің алдын ала бағалауынша, 2014 жылдың қаңтар-қараша айларындағы ішкі жалпы өнім өсімі 4,2 пайызды құрады. Тауарлар өндірісінің нақты көлем индексі 100,2, ал қызмет өндірісінің жалпы көлем индексі 106 пайыз деңгейінде қалыптасты»,- деді ол.
Сонымен қатар вице-министрдің атап өтуінше, жыл басынан бері инфляция 6,9 пайызды құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,8 пайыздық тармаққа жоғары.
«Инфляция өсімі азық-түлік емес тауарлар бағасының 7,8 пайызға, азық-түлік тауарлары бағасының 6,9 пайызға, ал ақылы қызметтер бағасының 6,1 пайызға өсуі есебінен қалыптасты», - деді М.Әбілқасымова.