Ағымдағы жылдың 9 айында анықталған қаржылық және экономикалық қылмыстардың саны 36 пайызға артты - қаржы полициясы
АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 9 айында анықталған қаржылық және экономикалық қылмыстардың саны 36%-ға (2793-тен 3798-ге дейін) артты. Бұл туралы бүгін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясының) төрағасы Рашид Түсіпбековтің қатысуымен өткен мәжілісте Қаржылық және экономикалық қылмыстарды ашу департаментінің бастығы Жанат Еламанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, мұнай мен мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы саласында анықталған қылмыстардың саны 10 есеге (13-тен 136-ға дейін), жалған кәсіпкерлік бойынша 4 есеге (198-ден 771-ге дейін), қылмыстық жолмен табылған табысты заңдастыру бойынша 3 есеге (39-дан 110-ға дейін), жалған және қасақана банкроттық бойынша 2,5 есеге (39-дан 98-ге дейін) артқан.
Сонымен қатар, Ж.Еламанов заңнаманы жетілдіру бойынша жұмысқа тоқталды. «Қаржы полициясы қызметкерлері кедендік заңнаманы жетілдіру бойынша, салық төлеу мәселелері, трансферттік баға қалыптастару, қаржы пирамидаларының қызметіне қарсы тұру, заңсыз ойын қызметі, заңсыз жолмен табылған табысты заңдастыру бойынша заңнаманы жетілдіруге белсенді қатысты», - деп атап өтті ол.