Ағымдағы жылдың басынан «ЖЖК-2020» жүзеге асыру аясында 19 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды - Қ. Әбсаттаров
АСТАНА. 3 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасының бірінші бағыты аясында 2013 жылдың 10 айында 19 мың қазақстандық жұмыс орындарымен қамтылды, деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Қайрат Әбсаттаров Primeminister.kz сайтына берген сұхбатында.
«2013 жылдың 1 қарашасына құрылған жұмыс орындарына 19 174 адам жұмысқа тұрды, олардың 10 427 - бағдарлама қатысушылары немесе еңбекпен қамтылғандардың 54,4%», - деді Қ. Әбсаттаров.
Оның айтуынша, биылғы жылы 922 жобаны жүзеге асыру аяқталды. Бағдарламаны жүзеге асырғаннан бері құрылған жұмыс орындарына 26 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылды, 1,5 мыңға жуық жоба жүзеге асырылды.
Айта кету керек, 2013 жылдың 19 маусымынан Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатындағы № 636 Үкімет қаулысымен Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020 (ЖЖК-2020) бекітілді, ол 2009 және 2010 жылдардың жол карталарын жүзеге асырудың және Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының логикалық жалғасы болып табылады.
Қайта қабылданған Бағдарлама дағдарысқа қарсы реттеу тетіктерінен, еңбек нарығын реттеуді арттыру, оның ішінде еңбек нарығын болжау және мониторингілеу, жұмыссыз және өзін-өзі қамтыған халықты белсенді шараларға тартудан тұрады. «ЖЖК-2020» бағдарламасы үш негізгі бағыттан тұрады. Бұл инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлікті дамыту және тірек ауылдарды дамыту арқылы жұмыс орындарын құру есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету.