Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда электр энергиясы 12,36 пайызға қымбаттады

АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 2010 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан бойынша электр энергиясы 12,36 пайызға қымбаттады.

Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда электр энергиясы 12,36 пайызға қымбаттады

Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Табиғи монополияларды реттеу агентті төрағасының орынбасары Анатолий Шкарупа мәлім етті.

А.Шкарупа атап көрсеткендей, аталмыш кезеңде электр энергиясы13 облыста қымбаттаған. Ал оның негізгі себебі - электр стансыларында өндірілетін энергия бағасының артуымен байланыстырылды.

Айта кетейік, өткен жылы электр өндіруші 13 компания тобына әр жылы тарифтерді көтеруге болатын межелер белгіленген 2015 жылға дейінгі жоспар ұсынылды. Қаулы 2009 жылғы наурыз айында бекітілді және оған сәйкес, бағалардың өткен жылғы және ағымдағы жылғы өзгеру шегі 30 пайыздан аспауы тиіс.

Сондай-ақ, ұсынылған мәліметтерге сәйкес, бірінші тоқсанда суық су - 10,6 пайызға, жылу - 2,99, ыстық су - 2,86 және кәріз тарифтері - 6,77 пайызға қымбаттады.