Ағымдағы жылдың І жартыжылдығында экономиканың оң өсімі қамтамасыз етілді
АСТАНА. 12 шілде. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың І жартыжылдығында еліміздің экономикасы оң қарқынмен өсті.
Алдын ала бағалау бойынша, аталған кезеңде Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 5,6 пайызға ұлғайды. Республикалық бюджеттің кірісі артып, халықтың нақты табысы өсті, деп хабарлады pm.kz сайты.
Экономиканың оң өсімін қамтамасыз еткен шарттардың бірі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ел Үкіметі іске асырып жатқан Индустрияландыру бағдарламасының орындалуы болып отыр. Экономикалық даму және сауда министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2012 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өсім - 101,9 пайызды, өңдеуші өнеркәсіптің өсу қарқыны - 105,7 пайызды құрады. Ал жылдың басынан бері негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 5,9 пайызға ұлғайды.
Экономиканың өсуіне оң әсерін тигізіп отырған тағы бір көрсеткіш - тұтынушылар сұранысының ұлғаюы болып табылады. Атап айтар болсақ, бөлшек және көтерме сауда-саттық - 14,3 пайызға, көлік қызметі - 7,2 пайызға, байланыс қызметі - 13,3 пайызға өсіп отыр.
І жартыжылдықта сондай-ақ, Қазақстанның қаржы нарығында депозиттердің 14,8 пайызға, несиелердің - 17,4 пайызға өсуі байқалды.Ұлттық қорды қоса есептегенде, еліміздің халықаралық резервтері жылдың басынан бері 12,9 млрд. АҚШ долларына өсіп, 85,9 млрд. АҚШ долларын құрап отыр.
Экономикалық даму және сауда министрлігінің ақпарына сүйенсек, республикалық бюджеттің кірісі 25,5 пайызға ұлғайып, 2,7 трлн. теңге соманы құрап отыр. Республикада макроэкономикалық тұрақтылық сақталуда. Қаңтар-маусым айларында инфляция - 2,7 пайызды құрады, салыстырар болсақ, өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 5,1 пайыз болған.
Қаңтар-сәуір айларында еліміздің сыртқы сауда айналымы 21,6 пайызға ұлғайды, оның ішінде, экспорт - 18,4 пайызға, импорт -30 пайызға өсті.
Ал тұрғын үй құрылысы 20,8 пайыз өсімді құрап отыр. Құрылыс саласына тартылған инвестиция 134 млрд. теңгені құрады, 2,4 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Экономика өсімінің оң қарқыны қазақстандықтардың табыстарының да өсуіне әсерін тигізіп отыр. Жылдың басынан бері халықтың нақты табысы -12,8 пайызға, нақты жалақылары - 11,5 пайызға өсті. Мамыр айында жұмыссыздық деңгейі -5,3 пайызды құрады.
Халықтың әл-ауқатын үздіксіз арттыру Үкіметтің негізгі басымдықты міндеті болып табылады. Елбасының тапсырмасы бойынша алдағы бес жылдың ішінде Қазақстан табысы жоғары деңгейдегі елдердің қатарына қосылуы керек. 2016 жылға қарай жан басына шаққандағы ЖІӨ 15 мың АҚШ долларынан кем болмауы тиіс.