13:58, 08 Сәуір 2010 | GMT +5
Ағымдағы жылдың шілде-тамыз айларында Астанада ғарыш аппараттарын шығаратын зауыттың құрылысы басталмақ
АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елордада ғарыштық аппараттар шығаратын зауыттың құрылысын бастау ағымдағы жылдың шілде-тамыз айларына белгіленіп отыр.
Бұл туралы бүгін «Ғылым әлемін ашамыз» атты VІ Халықаралық оқушылар конференциясы барысында баяндама жасаған «Қазақстан ғарыш сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ вице-президенті Марат Нұрғожин мәлім етті.
Оның атап өтуінше, Астана әкімдігі қазіргі уақытта әуежайға тақау жерден зауытқа қажетті 30 гектар жерді бөліп те қойыпты. «Ағымдағы жылдың шілде-тамыз айларында біз құрылыс жұмыстарын бастаймыз. Қазанның 6-ында елімізге Франция Президенті Николя Саркози сапарлаған кезде, біздің компания Еуропадағы бірінші, ал әлемдегі екінші ірі ғарыштық аппараттар шығаратын «Astrium» компаниясымен стратегиялық әріптестік туралы келісімшартқа қол қойған болатын», деді ол өз сөзінде.