Ағымдағы жылдың соңына дейін барлық рұқсаттарды беруді автоматтандыру аяқталады - Үкімет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бүкіл заңнамаға тексеру жүргізілді. Бұл туралы Астанада «Қазақстан-2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының отырысында Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.

Ағымдағы жылдың соңына дейін барлық рұқсаттарды беруді автоматтандыру аяқталады - Үкімет

«Рұқсат беру жүйесін түбегейлі жеңілдететін «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» Заң қабылданды. Бизнес жүргізу үшін рұқсаттардың бірыңғай тізбесі бекітілді. Енді кез келген жаңа рұқсат осы заңға өзгерістер енгізу арқылы ғана пайда болады. Ал бастамашы мемлекеттік органдар жаңа рұқсатты енгізу үшін оның реттеушілік ықпалын қоғамдық талқыға шығаруы тиіс. Ағымдағы жылдың соңына дейін барлық рұқсаттарды беруді автоматтандыру аяқталатын болады. Белгіленген мерзімде автоматтандырылмаған рұқсаттар алынып тасталады», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Сонымен қатар ол лицензиялар беру толығымен автоматтандырылғанан еске салып өтті.

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бүкіл заңнамаға тексеру жүргізілді және бизнесті дамытуға кедергі жасайтын 240-тан астам инерттік норма анықталды», - деді Б.Сағынтаев.