Ағымдағы жылдың соңына дейін тұрғын үй-коммуналдық қызмет саласында жаңа бағдарлама қабылдануы тиіс - С. Нокин
АСТАНА. Сәуірдің 22-cі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Ағымдағы жылдың соңына дейін тұрғын үй-коммуналдық қызмет саласында жаңа бағдарлама қабылдануы тиіс.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Тұрғын үй қатынастарын реттейтін заңнаманы іске асырудың практикалық аспектілері» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел барысында Құрылыс істері және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы агенттігінің төрағасы Серік Нокин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сөз арасында Агенттік төрағасы алдағы уақытта 2020 жылға дейінгі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртудың кең ауқымдағы жоспары әзірленетінін айта келе, бұнымен қоса еліміздің ауылдық жерлерінде су құбырларымен қамтамасыз етудің өзекті болып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінгі күні орталық атқарушы органдардың және қоғамдық ұйымдардың ұсыныстары қаперге алына отырып, осы бағыттағы бағдарлама жобасы әзірленген. Бұл құжат бірқатар маңызды бағыттарды қамтып отыр. Атап айтқанда, онда нысандардың техникалық жай-күйін бағалау, өңірлік бағдарламаларды әзірлеп, бекіту, көп қабатты тұрғын үйлерді жөндеуді және күтіп ұстауды қамтамасыз ету, баға белгілеу жүйесін жетілдіру шаралары қарастырылған.
«Бағдарламаның түпкілікті жобасы ағымдағы жылғы маусымның 1-іне дейін Үкіметке, қазанның 1-інде Президент Әкімшілігінің келісуіне берілуі тиіс. Сондай-ақ, бағдарлама ағымдағы жылдың соңына дейін бекітілуі керек», деді С. Нокин. Оның айтуына қарағанда, аталған бағдарламаның тиімділігін қамтамасыз ету үшін заң жобасы да қоса әзірленетін болады. Ондай құжатта Агенттіктің жергілікті өкілдігі мен атқарушы органдардың коммуналдық саладағы құзіреттері белгіленеді.