Ағымдағы жылдың тамызында бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 80789 теңгені құрады
АСТАНА. Қазанның 12-сі. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың тамызында Қазақстандағы бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 80789 теңгені құрап, өткен жылғы сәйкес аймен салыстырғанда - 17,7,
ал нақты көріністе 10,5 пайызға өсті. Бұл ақпаратты еліміздің Статистика агенттігі таратып отыр.
Ведомствоның хабарлауынша, салалық құрылымда ең жоғары жалақы бұрынғыдай кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда - 157,3 мың теңге (орташа республикалық деңгейден 1,9 есе), қаржы және сақтандыру қызметінде - 156,0 мың теңге (1,9 есе), кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте - 141,1 мың теңге (1,7 есе), өзге де қызметтер түрлерін ұсынуда 131,6 мың теңге (1,6 есе) мөлшерінде сақталып отыр. Ең төменгі жалақы ауыл, орман және балық шаруашылығындағы қызметкерлер еншісінде. Олардың орташа айлығы 38,6 мың теңгені құрайды. Бұл республикалық көрсеткіштен орта есеппен алғанда 52,1 пайызға кем.
«Өңірлік бөліністе ең жоғары жалақы Атырау облысында 152,2 мың теңге көлемінде сақталуда, бұл орташа республикалық көрсеткіштен 1,9 есеге жоғары. Жамбыл облысында аталған көрсеткіш 53,1 мың теңгені құрады және ол республикалық деңгейден 34,3 пайызға төмен», - делінген баспасөз хабарламасында.