Ағымдағы жылғы бірінші тоқсанда елімізде 90 техникалық байқау орталықтары ашылады
АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Биылғы жылғы бірінші тоқсанда елімізде 214 техникалық қадағалау желісі бар 90 техникалық байқау орталықтары ашылады.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Көлік және коммуникация вице-министрі Асылбек Дүйсебаев айтты.
Автокөліктердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында оларға техникалық байқау жүргізу жеке орталықтардың қарауына берілді. Атап айтқанда, осы техникалық байқаудан өткізудің жаңа тәртібі дамыған елдердің тәжірибесіне негізделіп отыр.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, техникалық байқаудан өткізудің мерзімі мен автокөліктер параметрлерін тексерудің талаптары бұрынғы қалпында қалады.
Айта кетейік, техникалық қадағалаудың қабылданған жаңа жүйесі аясында тексеруден өтуге негізделген құжаттар 8-ден 3-ке дейін қысқарды. Сонымен қатар, 2012 жылдың қаңтарынан бастап көліктерді техникалық байқаудан тіркелген аумағына қарамастан кез келген орталықта өткізуге болады.
Мұнымен қоса, аталған орталықтардың көрсеткен қызмет сапасына жауапкершілік деңгейі бекітілді.