Ағымдағы жылғы Қазақстанға келген еңбек-мигранттарының саны 30 мың адамды құрады
АСТАНА. Желтоқсанның 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылы Қазақстанға келген еңбек-мигранттарының саны 30 мың адамды құрады.
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Заң бойынша жыл сайын елімізде еңбек-мигранттарына арнайы квота бөлініп келеді. Мәселен, ағымдағы жылы квота бойынша экономикалық белсенді, еңбекке жарамды азаматтарына 0,75 пайыздық үлесте еңбек-мигранттары Қазақстанға келу керек болатын. Бірақ дағдарыс салдарынан, ішкі нарықтағы жұмыс орындарының қысқаруына орай квотамен бекітілген 60 мың еңбек-мигранттарының орнына 30 мыңға жуық еңбек-мигранттары ғана келді. Олардың басым бөлігі бірінші, екінші санаттағы білікті мамандар. Сонымен бірге ТМД елдерінен келген заңды еңбек-мигранттар саны 1 мың 943 адамды ғана құрайды. Алайда, Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша заңсыз еңбек-мигранттарының саны заңды жолмен келгендерден әлдеқайда басым», дейді министр.
Оның айтуынша, елімізге заңсыз жолмен келген еңбек-мигранттарының саны бір жылдары 300 мыңға дейін жеткен деген мәліметтер де бар. Биылғы жылы елімізде заңсыз жүрген еңбек-мигранттары үшін арнайы іс-шаралар ұйымдастырылып, олар бірнеше мәрте еліне қайтарылған. «Бұндай проблема әлі де баршылық. Оның алдын алу үшін келесі жылы Парламентке көші-қон туралы жаңа редакциядағы заң жобасын ұсынбақшымыз. Сол құжатта еңбек-мигранттарына арнайы бап қарастырамыз», деді Г. Әбдіхалықова.