17:06, 26 Мамыр 2009 | GMT +5
Ағымдағы жылы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 18 денсаулық сақтау нысаны салынады
АСТАНА. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Биыл «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында 18 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріледі.
Бұл туралы бүгін аталмыш бағдарламаның жүзеге асырылуы қозғалған апталық брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, наурыз айында жобаларды іске асыру және құрылыстарды аяқтауға облыстық бюджеттерге нысаналы трансферттер бөлу басталған. «Былтыр тек 7 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталды. Биыл «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында 18 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріледі. Қалған 76 кешенді 2010-2011 жылдары аяқтау көзделуде»,- дейді вице-министр.«Өткен жылдары жобалау-сметалық құжаттаманың аяқталмауының салдарынан құрылысы басталып үлгермеген нысандар қазіргі экономикалық ахуалға орай келесі жылдарға ауыстырылып, биыл салынбайтын болды. Мұндай жобалардың саны - 26», - деді Е.Біртанов.Вице-министрдің сөзіне қарағанда, «осы тізімдегі құрылыс нысандарын тұрғызу кейін шегерілгенімен күн тәртібінен түспейді».