Ағымдағы жылы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізінің 700 шақырымы пайдалануға беріледі - А.Жұмағалиев

АСТАНА. 21 ақпан. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізінің 700 шақырымы пайдалануға беріледі.

Ағымдағы жылы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізінің 700 шақырымы пайдалануға беріледі - А.Жұмағалиев

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті.

«2011 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес 780 шақырым жол салынып, 215 шақырым жол қолданысқа берілді. 2012 жылы 700 шақырым жол, атап айтқанда, Қызылорда облысында 520, Жамбыл облысында 180 шақырым жол  қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Қазақстандық дәліз құрылысының негізгі жұмыстары 2013 жылы аяқталып, 806 шақырым, нақты айтқанда, Ақтөбе облысында 101, Қызылорда облысында 292, Оңтүстік Қазақстан облысында 254, Жамбыл облысында 121 шақырым жол пайдалануға беріледі», - деді ол.

Оның атап өтуінше, көктем келісімен құрылыс жұмыстарын бастау үшін қажетті материалдар дайындалған.

Айта кетейік, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасы 2009 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған болатын. Қазақстан аумағы бойынша өтетін жолдың ұзақтығы 2 787 шақырым, оның 2 452 шақырымы қайта салуға жатады. Қазіргі уақытта 4 облыс аумағында ұзақтығы 1 621 шақырымды құрайтын 34 учаскеде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.