Ағымдағы жылы бірқатар мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғаяды
АСТАНА. Тамыздың 5-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ағымдағы жылы бірқатар мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғаяды. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінде өткен брифингте аталған ведомствоның Дамыту стратегиясы департаментінің директоры Серік Ырсалиев мәлімдеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат
Оның айтуына қарағанда ағымдағы жылы мемлекеттік тапсырыстың көлемі техникалық мамандықтарға - 450, ауыл шаруашылығы мамандықтарына - 80, медициналық мамандықтарға - 500, ветеринарлық мамандықтарға - 20, «Өнер» мамандығы топтарына - 20, «Гуманитарлық ғылымдар» мамандықтар тобына - 20 грантқа ұлғайып отыр.
Білім беру гранттары нақты мамандықтар, тілдік бөлімдер және оқу нысандары бойынша сертификаттар баллдарына сәйкес тағайындалатын болады.
Білім беру гранттарын алу барысында ерекше басымдылық таңдау пәндері сәйкес келген жағдайда «Алтын белгі» төсбелгісінің иегерлеріне, халықаралық, республикалық олимпиадалардың, ғылыми жарыстардың, орындаушылар конкурстарының, спорт жарыстарының жеңімпаздарына беріледі.
Грант иегерлерінің тізімі ағымдағы жылы тамыздың 10-нан кейін «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» республикалық басылымдарында жарияланады.