Ағымдағы жылы егін шаруашылығын несиелендіруге «ҚазАгро» ұлттық холдингінің еншілес кәсіпорындары арқылы 103 млрд. теңге бөлініп отыр

АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылы егін шаруашылығын несиелендіруге «ҚазАгро» Ұлттық басқару холдингінің еншілес кәсіпорындары арқылы 103 млрд. теңге бөлініп отыр.

Ағымдағы жылы егін шаруашылығын несиелендіруге «ҚазАгро» ұлттық холдингінің еншілес кәсіпорындары арқылы 103 млрд. теңге бөлініп отыр
Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен алқа мәжілісінде министрліктің Жауапты хатшысы Тобылбек Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Биылдан бастап егін шаруашылығы саласын субсидиялау идеологиясы өзгертіліп отыр. Бұл шара негізінен ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді жаңа технологияларды пайдалануға қатысты ынталандыру бағытында өрбиді. Бұнымен қоса, импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында жеміс-жидек, көкөніс дақылдарын өндіруді арттыруға баса назар аударылады. Сондай-ақ банктік сектордағы қалыптасқан қиыншылықтар ескеріле келе, ағымдағы жылы егін егу мен ору жұмыстарын қаржыландыру шаралары «ҚазАгро» ұлттық холдингінің еншілес кәсіпорындары арқылы жүзеге асуда. Бұл мақсатта 103 млрд. теңге аударылып отыр», - деді Т. Омаров. Жауапты хатшының айтуынша, мал шаруашылығы өнімдерін жеделдетуді ынталандыру мақсатында мал жемінің құнын субсидиялау шаралары да жалғасып келеді. Ал ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу мәселесіндегі басты бағыт саланы техникалық және технологиялық жаңғырту болып табылады. «Халықаралық сапа стандарттарын енгізу ішкі азық-түлік нарығын сақтап, ірілендіріп қана қоймай, отандық тауарлардың сыртқы нарыққа шығуына да жол ашады. Сондықтан да, өңдеу саласы «ҚазАгро» холдингінің несиелік ресурстары және «Самұрық-Қазына» қоры арқылы жүзеге асырылатын болады», - деді Т. Омаров.