Ағымдағы жылы ел Конституциясының 15 жылдық мерейтойына орай ҚР Қарулы Күштерінің әскери шеруі өтеді
АСТАНА. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ағымдағы жылы ел Конституциясының 15 жылдық мерейтойына орай ҚР Қарулы Күштерінің әскери шеруі өтеді.
Бұл туралы бүгін Алматы ауданының әкімі Сапар Ахметов елорда әкімінің орынбасары Әмірхан Рақымжановтың төрағалығымен өткен халық алдындағы кезекті есептік кездесуінде айтты.
«Өткен жылы тамыздың 30-ы - Конституция күнінде Қазақстан тарихында алғаш рет әскери шеру болды. Ағымдағы жылы біз ел Конституциясының 15 жылдық мерейтойына орай ҚР Қарулы Күштерінің әскери шеруін тағы да өткізетін боламыз», деді аудан әкімі.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта елорда әкімдігімен аталған мерекені жоғары деңгейде өткізуге орай іс-шаралар жоспарлары пысықталып жатыр.
Айта кетейік, өткен жылы Елбасы, ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Астанада Конституция күніне арналған әскери шеру өткен еді. Шара «Қазақ елі» монументінің алдында болды. Әскери шеруге жауынгерлік 120 түрлі қару-жарақ техникасы, авиацияның 40-тан астам техникасы және Ресейден сатып алынған жаңа тікұшақтар мен 2300 адам қатысты. Шеру тек қана қазақ тілінде өтті.