Ағымдағы жылы елімізде 6 трассалық медициналық құтқару бекеті құрылды, 8 тікұшақ сатып алу жоспарлануда
Бұл туралы бүгін елордада өткен брифинг барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызметтерге төлем жасау комитетінің төрағасы Қанат Ермекбаев мәлім етті.
«Ағымдағы жылы Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, 6 трассалық медициналық бекет ашылды. Бұл шара «алтын сағат» ұстанымын, яғни жарақат алынған 1 сағаттың ішінде көмек көрсетіп үлгеру үшін жүзеге асырылды. Онда құтқарушылар мен медицина қызметкерлері білесіп жұмыс істейді», - деді ол.
Оның атап өтуінше, Денсаулық сақтау министрлігі осында жаңа бекеттерді келесі жылы да ашуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар ағымдағы жылғы шілде айнына бастап жұмыс істей бастаған Санитарлық авиация республикалық орталығы келісімшарт негізінде тікұшақты 193 рет ұшырып, медициналық көмек көрсеткен. «Қазіргі уақытта бізде 6 тікұшақпен ұшыруға келісмшарт бар. 2012 жылы тағы 8 тікұшақ сатып алу жоспарлануда. Олар бізге жол-көлік оқиғаларында медициналық көмек көрсетуге, төтенше жағдайларда қашық аудандардан науқастарды жедел қауіпсіз жерге көшіруге қажет», - деді Қ.Ермекбаев.