Ағымдағы жылы еліміздегі тамшылатып суару алқаптары 15 мың гектарға дейін көбейетін болады - А. Күрішбаев
АСТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Ағымдағы жылы елімізде тамшылатып суару алқаптары 5 мың гектардан 15 мың гектарға дейін көбейетін болады.
Бүгін Үкіметтің кезекті отырысы барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елбасы ағымдағы жылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласының өнімділігін кемінде екі есеге арттыру туралы талап қойып отыр. Осыған орай, 2010 жылы «ҚазАгро» холдингіне қосымша 28 млрд. теңге қарастырылды. Бұл қаражат ауыл шаруашылығы техникасының лизингі үшін және қайта өңдеу саласын дамытуға жұмсалатын болады. Сонымен бірге, биыл тамшылатып суару технологиясының алқабы 5 мың гектардан 15 мың гектарға дейін көбейеді. Жаңадан бес бордақылау алаңы салынатын болады», - деді А. Күрішбаев.
Оның айтуынша, аталған шаралар халықты көкөніспен қамтамасыз етуге, Қазақстанның етін экспортқа бағыттауға жол ашады. Жалпы министрдің сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы ауылшаруашылығы саласына 258 млрд. теңге бөлініп отыр. Бұның 47 млрд. теңгесі субсидиялау шараларына жұмсалады.