Ағымдағы жылы елордада 1,4 млн. шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берілмек
АСТАНА. 3 маусым. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ағымдағы жылы елордада 1,4 млн. шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл туралы бүгін елордада Астананың келешектегі дамуы мәселесіне арналған кеңесте Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.
Соңғы жылдарда құрылыс секторындағы қарқынды динамика жоғалмағанын баса айтқан қала басшысы: «Егер соңғы 3 жылда шамамен 4 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, ағымдағы жылы тағы 1,4 млн. шаршы метр баспананы пайдалануға беру жоспарлануда»,-деді.
Қала басшысының пайымынша, мемлекеттік қолдаудың арқасында үлескерлік тұрғын үй құрылысының мәселелері 95 пайызға шешілген. 35 мың үлескердің қатысуындағы 218 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталған. «5944 үлескердің қатысуымен қазіргі уақытта қалып отырған 25 нысанды аяқтау ағымдағы жылға жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 2011 жылдың соңына дейін 2005-2007 жылдарға және 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру толығымен аяқталатын болады»,-деді И. Тасмағамбетов.
Сондай-ақ, қала басшысының атап өтуінше, 2011-2014 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысының жаңа бағдарламасы басталды. Бұл орайда шамамен 1 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл Мыңжылдық аллеясы ауданын, Хан Шатыр сауда ойын-сауық орталығының батыс жағынан, сондай-ақ әуежай айналма жолынан Қабанбай батыр даңғылы бойымен Сығанақ көшесіне дейінгі құрылысты қарқынды дамытуға мүмкіндік береді.