Ағымдағы жылы елордалық 140 түлек «Алтын белгіге» үмітті
АСТАНА. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - 2009-2010 оқу жылында елордалық түлектердің 140-ы «Алтын белгіден», ал 117-сі үздік аттестаттан үмітті. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков елордада өткен ҰБТ өткізуді ұйымдастыру және дайындық мәселелері бойынша кеңейтілген мәжілісте айтты.
«2009-2010 оқу жылында бас қаланың білім беру жүйесінде 79 білім мекемелері жұмыс істесе, оның 65-і мемлекеттік және 14-і мемлекеттік емес, сонымен қатар 1 кешкі мектеп бар. Аталған білім ошақтарында 3577 болашақ түлек білім алуда», деді вице-министр.
Оның айтуына қарағанда, жылдан жылға елордалық түлектердің ҰБТ-дан жинаған баллдарының көрсеткіші жақсарып келеді. Мәселен 2003-2004 оқу жылдарында орта көрсеткіш 61,2 болса, өткен жылы ол 81,5 пайызға жетті. Жалпы астаналық түлектер ҰБТ тапсырудың нәтижелері бойынша республикада алдыңғы орындардан көрінуде.
Астана қаласында өткен жылдың қорытындысы бойынша ең жоғары нәтижелік көрсеткіш 123 балл болғанын атап өткен ол «бұл көрсеткіш № 38 мектеп лицейдің түлегі А.Құсайынова мен № 22 мектеп гимназияның оқушысы К.Молдабаеваға тиесілі. Сонымен қатар 100 баллдан жоғары жинаған мектеп бітірушілердің саны - 414, яғни елорда түлектерінің 16,4 пайызын құрайды», деді өз сөзінде.
М.Сарыбековтің айтуынша, өткен жылғы ҰБТ-ның қорытындысына сәйкес елорданың 4 мектебі республиканың үздік 100 мектебі қатарына енген. Олар: «Зерде» дарынды балалар мектебі, № 38 мектеп лицей, дарынды ер балаларға және қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицейлері.