Ағымдағы жылы индустрияландыру картасы аясында 130 жоба іске қосылады
АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Биыл индустрияландыру картасы аясында 130 жоба іске қосылады. Бұл туралы бүгін Ақордада Елбасының қатысуымен өтіп жатқан 2012 жылдың қорытындысына арналған жиында Үкімет басшысы Серік Ахметов мәлім етті.
«Соңғы 3 жылда индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 2,1 трлн. теңгені құрайтын 537 жоба іске қосылды. Оның ішінде 162 жоба өткен жылы пайдалануға берілді».-деді ол.
Бұл ретте Премьер-Министр аталған жобалардың бірқатары Мемлекет басшысының қатысуымен ашылғандығын атап өте келе, олардың барлығының да жобалық қуатына, өнімін нарыққа шығаруға бар күш-жігер жұмсалатындығын баса айтты.
«Ағымдағы жылы шамамен 130 жобаны іске қосу жоспарлануда»,-деді С. Ахметов.