Ағымдағы жылы Қазақстан әуе компаниялары ИКАО-ның «сұр тізімінен» азат болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы Қазақстан әуе компаниялары ИКАО-ның «сұр тізімінен» азат болады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов айтты.
Ағымдағы жылы Қазақстанның әуе компаниялары Еуроодақтың әуе кеңістігінде ұшуға шектеу қоятын «сұр тізімінен» шығатындығын атап өткен Үкімет басшысы: «Көлік және коммуникация министрлігіне ИКАО талаптарымен байланысты қосымша туындап отырған барлық мәселелерді таяу арада жоюға тапсырма беремін», - деді.
Сондай-ақ Премьер-Министр Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевқа Көлік және коммуникация министрлігімен бірлесіп, туындаған мәселелерді талқылағаннан кейін ұсыныс енгізуді жүктеді. «Ағымдағы жылғы міндет «сұр тізімнен» шығу», - деді С.Ахметов.