Ағымдағы жылы Қазақстанның 25 балық өңдеуші кәсіпорны Ресей нарығына өнімдерін экспорттауға рұқсат алды
Бұл туралы бүгін балық шаруашылығы саласындағы қайта өңдеу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел жиыны барысында Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Юрий Ромашов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Балық өнімдерін қайта өңдеу жұмыстарымен еліміздегі 78 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері айналысады. Олардың ішінде 7 кәсіпорын, атап айтқанда «Атыраубалық» АҚ, «Балқашбалық» АҚ, «Исмаилов и К» ЖШС, «Қаратал Балық» ЖШС секілді кәсіпорындар өз өнімдерін Еуропалық одақ елдеріне экспорттайды. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы қазақстандық 25 балық өңдеуші кәсіпорындар Ресей Федерациясы нарығына балықты және балық өнімдерін экспорттауға рұқсат алды», деді Комитет төрағасы.
Оның айтуынша, 2006 жылдан бері еліміздегі балық өңдеуші кәсіпорындар саны 21-ге артқан. Сонымен бірге, соңғы жылдары балық шаруашылығы саласындағы материалдық-техникалық жарақтандыру және ғылыми мақсаттарды қолдауға қаржылық шығындар да өсуде. Мәселен, соңғы төрт жыл ішінде аталған салаға 6 млрд. теңгеге жуық жеке инвестициялар тартылыпты. «Нәтижесінде 2006 жылдан 2009 жылға дейінгі аралықта еліміздегі өңделген балық өнімдері 22,3 мың тоннадан 31,7 мың тоннаға дейін өсті. Сондай-ақ бұндай кәсіпорындардың жалпы экспорттық бағыттағы әлеуеті де артып отыр», деді Ю. Ромашов.