Ағымдағы жылы мектеп бітірген түлектер еліміздің барлық өңірлерінде ұйымдастырылған 154 тест тапсыру орындарында ҰБТ тапсырады

АСТАНА. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ағымдағы жылы мектеп бітірген түлектер еліміздің барлық өңірлерінде ұйымдастырылған 154 тест тапсыру орындарында ұлттық бірыңғай тестіден өтеді. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков елордада өткен ҰБТ өткізуді ұйымдастыру және дайындық мәселелері бойынша кеңейтілген мәжілісте мәлім етті.

Ағымдағы жылы мектеп бітірген түлектер еліміздің барлық өңірлерінде ұйымдастырылған 154 тест тапсыру орындарында ҰБТ тапсырады

«Үш айдан кейін біздің мектеп бітірушілердің алдында үлкен, маңызды, олардың өміріндегі ауқымды іс-шаралардың бірі - ұлттық бірыңғай тест өтеді. Оны педагогикалық ұжымдардың 11 жыл бойы атқарған жұмыстарының нәтижесі деп қабылдауымыз керек. Соған орай жан-жақты дайындықпен атталған іс-шараның дұрыс өтуіне мұрындық болайық», деп атап өткен вице-министрдің сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы бірқатар облыс аудандарының басшыларынан, аталған өңірлерден сайланған Мәжіліс, Сенат депутаттарынан ҰБТ бойынша қосымша тест өткізу орындарын ашу туралы ұсыныстар түскен. «Бірден атап өтейін, Білім және ғылым министрлігі керісінше ҰБТ бойынша пункттердің санын қысқарту ұстанымында. Себебі аталған орындардың қысқаруы оларды үйлестіру және бақылау жасауды ұымдастыруды жақсарта түсуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ қосымша орындар ашу қосымша қаржы мен адам күштерін қажет етеді. Біз кез келген ауылда, елді мекенде мұндай орындарды аша алмаймыз. Жалпы министрлік саясаты аталған пункттерді ықшамдауға бағытталған», деді ол.

Вице-министр келтірген деректерге сәйкес ағымдағы жылы түлектер еліміздің барлық өңірлерінде ұйымдастырылған 154 тест тапсыру орталығында өз бақтарын сынайды. Бұндай орталықтардың 3-еуі елордаға тиесілі. Олар Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университеті және Қазақ гуманитарлық заң университеті базасында ұйымдастырылған.