Ағымдағы жылы Парламентке Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс жаңа жобада ұсынылады ? З. Балиева
АСТАНА. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2009 жылы Парламентке Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс жаңа жобада ұсынылады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында баяндама жасаған Әділет министрі Зағипа Балиева мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Білікті мамандармен, ғалымдармен кеңесе отырып, Әділет министрлігі Қазақстанның құқықтық дамуына бағытталған мемлекеттік бағдарлама әзірледі. Онда 2010-2020 жылдарғы кезең бойынша еліміздің әлеуметтік- экономикалық және саяси- қоғамдық қатынастары сәйкестеліп, реттеледі. Бұл құжат қазіргі таңда Президент әкімшілігінің қарауына берілді. Ол құқықтық саясат кеңесінде қаралатын болады», деді министр З. Балиева.
Оның айтуынша, жоспарға сәйкес, ағымдағы жылы Парламенттің қарауына бірқатар заң жобалары ұсынылады. Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс жаңа жобада, Әкімшілік-процесуалды кодекс жобасы, мемлекеттік мүліктер туралы, азаматтардың жекелеген санатын мемлекеттік қолдау туралы, азаматтарды жергілікті жерде тіркеу мәселелері жөнінде маңызды жобалар енгізілмек. «Бүгінгі күні Қазақстанның заңнамалық базасы 286 заңнан, 10 мыңға жуық Үкімет қаулыларын қарастыратын заңға қосымша актілерден және жергілікті нормавтивтік-құқықтық актілерден тұрады. Өткен жылдармен салыстырғанда нормативтік-құқықтық актілер әзірлеу сауаты жақсарып келеді. Мәселен, егер 2007 жылы сапасының төмендігіне байланысты ұсынылған актілердің 17,7 пайызы кері қайтарылса, 2008 жылы бұл көрсеткіш 2,5 есеге төмендеп, 7 пайызды ғана құрады», деді З. Балиева.