Ағымдағы жылы прокуратураның қолға алған шаралары нәтижесінде 8 млрд. теңгеден астам сома болатын жалақы төлемі бойынша берешектер өтелді
АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - 5 желтоқсан күні Бас прокурор Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен ағымдағы жылы жүргізілген жұмыстардың қорытындыларын талқылауға және алдағы кезеңге қойылған басым міндеттерді айқындауға арналған Бас прокуратура алқасының кеңейтілген отырысы болды.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлағандай, алқа жұмысына Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары Қ.-К. Жаңбыршин, облыс прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар қатысты.
Ағымдағы жылы прокуратура Мемлекет басшысының ұйымдасқан қылмысқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға, азаматтардың және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге, экология саласындағы құқықтық проблемаларды шешуге бағытталған және көптеген басқа да бағыттардағы тапсырмаларын орындау жұмыстарын жүргізді. Кадрлардың біліктілігін арттыру, тұтастай алғанда, қадағалау қызметін жетілдіру жөніндегі шараларға ерекше назар аударылды.
Азаматтардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы жүйелі жұмыс бұрынғыдай негізгі бағыттардың бірі болып отыр. Прокурорлар қабылдаған шаралар нәтижесінде 552 мың заң бұзушылық анықталды, 685 мыңнан астам азаматтың конституциялық құқықтары қорғалды. 8 млрд. теңгеден астам сома болатын жалақы төлемі бойынша берешектер өтелді. 50 млрд. теңгеден астам сома болатын зиян өтеліп, оның ішінде 38 млрд. теңгеден астамы мемлекеттік бюджетке қайтарылды. 50 мың заңсыз құқықтық актілердің күші жойылды.
Кәсіпкерлерге қысым көрсетуді азайтуға бағытталған, соның ішінде заңнамалық тұрғыда жүргізілген шаралар Дүниежүзілік банк деректері бойынша Қазақстанның бизнес жүргізудің жағдайын жеңілдететін реформа жүргізу бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына кіруге белгілі бір дәрежеде әсер етті.
Прокуратура органдарының алдағы жылы жүргізетін жұмыстары қылмыстың алдын алу жөніндегі профилактикалық іс-шараларды, азаматтардың, қоғамның және мемлекеттің құқықтары мен мүдделерін жоғары тиімділікпен қорғау жөніндегі шараларды күшейтуге бағытталатын болады.