Ағымдағы жылы республикада эпидемиологиялық жағдай тұрақты және өткен жылдың көрсеткіштерінен төмен - ҚР ДСМ

АСТАНА. 5 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде еліміздегі ағымдағы эпидемиологиялық жағдай бойынша ҚР ДСМ Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті басшыларының қатысуымен баспасөз мәслихаты өткізілді.

Ағымдағы жылы республикада эпидемиологиялық жағдай тұрақты және өткен жылдың көрсеткіштерінен төмен - ҚР ДСМ

Бұл ақпаратты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі таратып отыр.

Жалпы, республикада 2011 жылдың 7 айы ішінде тұрғындардың дифтерия, жұқпалы аурулармен ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты және өткен жылдың көрсеткіштерінен төмен болып отыр. Өткен кезеңде Қазақстанда оба, тырысқақ, туляремия, дифтерия, полиомиелит, қылау, трихенеллез сияқты басқа да аса қауіпті жұқпалы, паразитарлық аурулардың жағдайлары тіркелген жоқ.

Былтырғы жылмен салыстырғанда 18 инфекция бойынша ауру көрсеткіштері азайды.

Тұрғындардың құтыру дертіне шалдығу көрсеткіштері де төмендеп келеді. Айталық, еліміз бойынша 2009 жылы 14 жағдай, 2010 жылы 6 жағдай, ағымдағы жылы 4 жағдай тіркелді. Және бұл оқиғалардың көпшілігі негізінен дәрігерлерге уақытында қаралмағандықтан болып отыр. Мысалы, Қызылорда облысында 2006 жылы дүниеге келген баланы ит бетінен қауып алған, бірақ ата-анасы тек екі ай өткен соң ғана медициналық көмекке жүгініп, ақыры жағдай қайғылы аяқталды.

Республиканың бірқатар өңірінде қалыптасқан ыстық ауа-райына қарамастан, профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар нәтижесінде өткір ішек аурулары көрсеткішін 13,1, балалар арасында 15,4 пайызға төмендетуге қол жеткізілді.

Дегенмен, атқарылған іс-шараларға қарамастан, тағамды дайындау және пайдалану кезінде қажетті санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамауы, сапасыз суды, жемістер мен көкөністерді тұтынуы себепті тамақтан улану оқиғасы орын алды. Атап айтқанда, 2011 жылдың 28 шілдесінде Алматы-Атырау пойызынан 39 бала тамақтан улану белгілерімен ауруханаға жеткізілсе, Алматы облысы Талғар ауданының Бесқайнар ауылында 28 шілде - 1 тамыз күндері аралығында 19 адамның «А» гепатитіне шалдығу жағдайы тіркелді.

Барлық айтылған эпидемиологиялық жағдайлар бойынша денсаулық сақтау және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары эпидемияға қарсы және емдік іс-шаралар өткізіп, қазір де жалғастырып жатыр.

Азаматтардың жаппай ауруға шалдығу оқиғаларына кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты әкімшілік шаралар қабылдануда.

Жалпы, ағымдағы жылдың өткен кезеңінде республиканың мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары санитарлық заңнама талаптарын бұзу оқиғалары бойынша 22393 айыппұл салып, санитарлық талаптарға және нормаларға сәйкес келмейтін 519 объектінің қызметін уақытша тоқтатып, 891 істі тергеу органдарына өткізді.