Ағымдағы жылы реттелетін салаларға салынатын инвестиция көлемі 230 млрд. теңгеге жетеді - М.Оспанов

АСТАНА. 1 қазан. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы реттелетін салаларға салынатын инвестиция көлемі 230 млрд. теңгеге жетеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов мәлім етті.

Ағымдағы жылы реттелетін салаларға салынатын инвестиция көлемі 230 млрд. теңгеге жетеді - М.Оспанов

Оның атап өтуінше, бүгінгі таңда елімізде жаңғырту, қызмет сапасын көтеру қажеттігін, сонымен қатар активтердің жоғары тозу дәрежесін ескере отырып, реттелетін салаларға инвестицияны көбейту қамтамасыз етілуде. Мәселен, оның сөзіне қарағанда, өткен жылғы реттелетін салаларға құйылған инвестиция көлемі 208,8 млрд. теңгені құраған. «Бұл 2011 жылдың деңгейінен 46 пайызға артық. 2013 жылғы инвестиция көлемі 230 млрд. теңге деңгейінде жоспарланып отыр», - деді М.Оспанов.

Агенттік басшысының айтуынша, әрбір монополиске инвестициялық бағдарлама әзірлеу әрі оны жүзеге асыру міндеті жүктелген. Соның арқасында инвестиция көлемін арттыруға қол жеткізілмек. «Бұл тиімді механизм әр теңгені мақсатты пайдаланып, оның жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді», - деді ол.