Ағымдағы жылы «Таблиғи жамағат» ұйымының 205 өкілінің заңсыз қызметінің жолы кесілді - Қ.Лама Шариф
АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы «Таблиғи жамағат» ұйымының 205 өкілінің заңсыз қызметінің жолы кесілді.
Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің отырысында ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф айтты.
Оның атап өтуінше, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР заңы қабылданғаннан бастап заңсыз миссионерлік қызмет қатаң бақылауға алынып, олардың жұмыстарын тоқтату шаралары қолға алынған. «Өткен жылы 30 шетел миссионерінің заңсыз әрекеті анықталып, олардың ішінде 22 шетелдік миссионер елдеріне қайтарылды. Қалғандарына Қазақстан заңын бұзбау жөнінде ескертілді», - деді агенттік басшысы.
Сонымен қатар Қ.Лама Шарифтің айтуынша, ағымдағы жылдың ішінде ішкі істер органдары тарапынан миссионерлікпен айналысқан «Таблиғи жамағат» ұйымының 205 өкілінің заңсыз қызметінің жолы кесілді.