Ағымдағы жылы тау-кен металлургия саласында екі ірі жоба іске қосылады - Ә.Исекешев
АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда Қазақстанның тау-кен металлургия саласында 300 мың адам еңбек етеді.
Алдағы уақытта тағы 20 өндіріс ошағы іске қосылғаннан кейін 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Бұл туралы бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ашылған VI Халықаралық тау-кен металлургия конгресі барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті.
Министр атап көрсеткендей, қазіргі кезде тау-кен металлургия саласы бойынша 27 индустриялық-инновациялық жоба іске асуда. Олардың екеуі ағымдағы жылы пайдалануға беріледі. «Мәселен, биыл «Еураз» холдингі Қостанай облысында өз өндірісін, «Поско» компаниясы титан құймаларын шығаратын зауытты ашады. Аталған жобаның екеуі де ағымдағы жылы іске қосылады», - деп атап көрсетті Ә.Исекешев. Оның хабарлауынша, маңызды жобалардың ішінде фотоэлектр модульдерді шығару өндірісі (Өскемен қаласы) және сирек кездесетін металдарды өңдеу зауыты (Степногор қаласы) бар.
Айта кетейік, VI Халықаралық тау-кен металлургия конгресіне әлемнің 20 елінен 1,5 мың делегат қатысуға ниет білдірген. Ертең осында Қазақстанның тау-кен металлургия өнеркәсібі қызметкерлерінің VI Съезі өтеді.