Ағымдағы жылы зейнетақының 25 пайызға артуы 1,6 млн. ел азаматтарын қамтыды

АСТАНА. Қаңтардың 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылы зейнетақының 25 пайызға артуы 1,6 млн. ел азаматтарын қамтыды.

Ағымдағы жылы зейнетақының 25 пайызға артуы 1,6 млн. ел азаматтарын қамтыды

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасы Жолдауына сәйкес, биылғы жылдың қаңтарынан бастап зейнетақы мөлшерін арттырудың кезекті сатысы қолданысқа енді. Зейнетақыны 25 пайызға арттыру 1,6 млн. ел азаматтарын қамтыды. Бұл ретте базалық зейнетақы - 5 мың 981 теңгеге, төменгі зейнетақы көлемі базалық зейнетақыны қоса есептегенде 18 мың 325 теңгеге, жоғары зейнетақы мөлшері 40 мың теңгеге жетті. Қазіргі уақытта зейнетақымен қамтамасыз етудің әр деңгейінде жүйелі өзгертулерді қарастыратын зейнетақы төлемдерін көтеру стратегиясын әзірлеу ісі аяқталып келеді. Сонымен бірге, табысы төмен болған қарт адамдардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететін зейнетақы жүйесінің базалық деңгейінде базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен төменгі күнкөріс деңгейінің 75 пайызына дейін арттыру жоспарлануда», деді министр.

Оның айтуынша, зейнетақы төлеу жүйесінде орын алған қиғаштықтарды жоя отырып және азаматтардың бұрынғы еңбекақысына сәйкестігін қамтамасыз ете отырып зейнетақы төлемдерін есептеудің тәртібіне параметрлік өзгерістер енгізу көзделеді. Бұл өзгерістер нәтижесінде 2015 жылға қарай ынтымақты зейнетақының көлемін 2009 жылғы көрсеткішке қарағанда 1,8 есеге, ал одан кейінгі 5 жылда тағы үштен біріне арттыру қарастырылады.