АХҚО исламдық қаржыландырудың өңірлік хабына айналмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» халықаралық қаржы орталығы «жасыл» қаржыландыру құралдарын енгізу үшін тиімді алаңға айнала алады. Бұл туралы бүгін Astana Finance Days сессиясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

АХҚО исламдық қаржыландырудың өңірлік хабына айналмақ

«Біз АХҚО-ны қаржы технологиялары саласындағы шешімдерді құру мен дамытуға арналған финтэк-плацдарм ретінде қарастырамыз. Мұндай жұмыстар Masterсard және Visa, Microsoft және Tai Cloud Corp  компанияларымен әріптестік негізінде басталып та кетті. АХҚО 60-тан астам ірі қаржы институттарын, сондай-ақ Жаһандық финтэк-хабтар федерациясын қамтитын R3 халықаралық консорциумының қатысушысы болды», - деді Премьер-Министр.

Оның айтуынша, «Астана» халықаралық қаржы орталығы «жасыл» қаржыландыру құралдарын, механизмдерін және стандарттарын енгізу үшін тиімді алаңға айнала алады. Бұл орайда, клинтек саласында Жасыл қаржылар құзыреті орталығы, сонымен қатар БҰҰ қамқорлығымен Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы құрылып, жұмыс істеп жатыр.

«АХҚО қаржылық қызметтерінің тағы бір ерекшелігі - исламдық қаржыландыру нарығының дамуына ықпал ету. Қазірдің өзінде АХҚО базасында Азия Даму Банкі және Ислам Даму Банкімен бірлесіп қажетті құқықтық және реттеушілік орта құрылды. Биылғы жылдың соңына дейін мемлекеттік исламдық құнды қағаздар -  сукуктар эмиссиясы жүргізіледі. АХҚО-ны біз болашақта исламдық қаржыландырудың өңірлік хабы ретінде көреміз», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Үкімет басшысының атап өтуінше, алдағы уақытта «Астана» халықаралық қаржы орталығы жеткілікті дәрежедегі ауқымды қаржы қызметтерін ұсынатын болады.