АХҚО қаржылық-құқықтық дау-дамайларды шешудегі ашық алаң болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми ашылуы шеңберінде «AIFC Law Conference» атты құқықтық мәселелер жөніндегі конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған конференцияның негізгі мақсаты - АХҚО Соты және АХҚО Халықаралық арбитраж орталығының (ХАО) қызметтерін жариялау, сондай-ақ дауларды шешу саласындағы заманауи мәселелерді талқылау үшін ашық алаң орнату.
Конференцияның салтанатты ашылуына ҚР Мемлекеттік Хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.
«Бүгінгі маңызды шара Астананың 20 жылдығы қарсаңында өтіп отыр. Елбасы Н.Назарбаевтың Астана бүкіл әлемге тек жаңа елорда, жаңа саяси алаң ретінде ғана танылып қоймай, сонымен бірге технология, қаржы, зияткерлік ресурстар құйылып жататын орталық ретінде танылса деген арманының жүзеге асқанына бәріміз куә болып отырмыз. Осы орайда дүниежүзілік деңгейдегі АХҚО-ның еліміздің тұрақты дамуына өз үлесін қосары анық. Шетелдік инвесторлар үшін орталық біздің аймаққа кіретін ең басты қақпаның біріне айналады деп сенемін», - деді Мемлекеттік хатшы.
АХҚО-ның соты өз қызметінде тәуелсіз және Қазақстан Республикасының сот жүйесіне кірмейді. АХҚО мақсаты - тараптардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау. Одан бөлек АХҚО соты қылмыстық және әкімшілік сот ісін жүргізуді жүзеге асырмайды.
«2017 жылы АХҚО-ның Консультативтік кеңесі сәтті құрылып, Англия мен Уэльс құқығының қағидаттары, нормалары мен прецеденттері, сондай-ақ әлемнің үздік халықаралық қаржы орталықтарының стандарттары негізінде АХҚО-ның қолданылатын актілері бекітілді. Бұған қоса, жан-жақты және жоғары сапалы заң сараптамасын қамтамасыз ету үшін тартылған жетекші сарапшы Джон Лихидің жоғарыда аталған шараларға белсенді қатысуын және актілерді бағалауын да жетістікке жатқызуға болады», - деді Астана халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов.
Сонымен қатар, орталық басқарушысы Астана халықаралық қаржы орталығы - ҚР Президенті айқындайтын дәл белгіленген шекарасы бар, қаржы саласындағы ерекше құқықтық режим қолданылатын және қаржылық-құқықтық мәселелер мен дау-дамайларды заманауи тұрғыдан қарастырып шешетін ашық алаң болатынын айтты.