АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті CBIRC-пен меморандум жасасты

АСТАНА. ҚазАқпарат - АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті мен Қытайдың банктік және сақтандыру қызметін реттеу жөніндегі комиссиясы банктік және сақтандыру бойынша қадағалауда ынтымақтастықты нығайту үшін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы АХҚО баспасөз қызметі хабарлады.

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті CBIRC-пен меморандум жасасты

Құжатқа қол қою рәсімі CBIRC делегациясының Астана Халықаралық қаржы орталығына ресми сапары аясында өтті. Оған CBIRC Төрағасы Гуо Шукинг, АХҚО Басқарушы директоры Қайрат Келімбетов және Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) бас директорының міндетін атқарушы Мұхтар Бөбеев қол қойды.

Тараптар екі жақтың құзыретіндегі трансшекаралық банктік және сақтандыру бойынша институттарды қадағалауда ынтымақтастықты дамытуға және CBIRC пен AFSA арасындағы тиісті ақпарат алмасуды дамытуға уағдаласты.

null «CBIRC және AFSA арасындағы меморандумға қол қою Қытай мен Қазақстан арасындағы реттеушілік ынтымақтастықты нығайтуға қосымша негіз болып табылады, бұл банк қызметтері мен сақтандыру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға, екіжақты экономикалық-сауда қатынастарына қолдау білдіруге мүмкіндік береді», - деді CBIRC Төрағасы Гуо Шукинг.

Өз кезегінде Қайрат Келімбетов қол қойылған меморандумның маңыздылығын атап өтті.

«Қытайдың банктік және сақтандыру қызметін реттеу комиссиясы мен АХҚО қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің ынтымақтастық орнатуын құптаймын. Реттеушілер арасындағы тиімді өзара ықпалдастық «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын дамытуға ықпал етеді», - деді ол.

Айта кетерлігі, Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) - АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі және заңды тұлға болып саналады. АХҚО ережелері қаржы компанияларын және нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалауды қарастырады.

CBIRC - Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік Кеңесіне тікелей бағынатын мемлекеттік мекеме. Ол ҚХР Коммерциялық банктер туралы заңына және ҚХР компаниялар туралы заңына сәйкес сақтандыру, депозиттер қабылдау, қарыз беру және басқа да іс-шараларды ұйымдастыратын қаржы институттарын реттеу мен қадағалауға жауапты.