АХҚО мен Татарстан халал индустриясына қатысты ақпарат алмасуға келісті
АСТАНА. ҚазАқпарат - "Астана" халықаралық қаржы орталығы мен Татарстан Республикасының Инвестициялық даму агенттігі өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы келісімге келді. Құжат Astana Finance Days аясында рәсімделді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Келісімге АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов пен агенттік басшысы Талия Минуллина қол қойды.
Таратылған мәліметке сәйкес, келісімнің мақсаты ынтымақтастықты кеңейту және нығайту, сонымен қатар инвестициялық ортаны, инвестициялық тартымдылықты арттыру, ислам қаржы саласын, халал индустриясы мен адам капиталын дамыту сияқты инвестиция тартуға қатысы бар тақырыптар бойынша ақпарат алмасу болып табылады.
Тараптар стратегиялық қызмет салаларында өзара консультациялық қолдау көрсетуге, ақпарат алмасуға, сараптамалық пікірлер мен тәжірибе алмасуға, бірлескен жобаларға қатысуға ниетті екендіктерін білдіреді.