АХҚО моделі Оман, Өзбекстан және Қырғызстанда қолданыла бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Бірқатар мемлекет «Астана» халықаралық қаржы орталығының моделіне ұқсас қаржы орталықтарын құрып жатыр. Бұл туралы Astana Finance Days аясында АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров айтты.

АХҚО реттеушілік «құмсалғышына» халықаралық компаниялардың қызығушылығы артып отыр
Фото: АХҚО

Оның сөзінше, Қазақстанның қаржы орталығын дамыту және инвестиция тарту тәжірибесіне басқа елдер де қызығушылық танытып отыр.

– Барлық елде инвестиция тартуға қатысты мәселелер ұқсас. Сондықтан біз қаржы орталығының осы бағыттағы тәжірибесімен бөлісіп жатырмыз. Бірқатар мемлекет біздің модельді негізге алып, өз қаржы орталықтарын құрып жатыр. Мәселен, Оман, Өзбекстан және Қырғызстанда осындай орталықтар құрылып жатыр. Алдағы уақытта басқа елдерде де пайда болуы мүмкін, – деді Ренат Бектұров.

Оның айтуынша, АХҚО жинақтаған тәжірибесін шетелдік реттеушілермен де бөлісіп келеді. Биыл Astana Finance Days-ке бірқатар елдің қаржы саласын реттеуші органдарының өкілдері келген.

Сонымен қатар АХҚО жасыл қаржы нарығын дамытудағы тәжірибесін де басқа мемлекеттерге ұсынып отыр. Атап айтқанда, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжанда жасыл облигациялар нарығын дамытуға қатысты тәжірибе алмасу жүргізілген.

Бектұровтың айтуынша, ендігі мақсат – осы тәжірибені қолданатын елдердің аясын кеңейту.

Айта кетейік, бүгін елордада Astana Finance Days форумы өтіп жатыр. Биылғы іс-шараға әлемнің 90 елінен 8 мыңға жуық қатысушы тіркелген. Форум аясында Қазақстанның тау-кен және креативті индустрия саласындағы жобалары шетелдік инвесторларға таныстырылып жатыр.