АХҚО өкілдері шымкенттік жастармен кездесті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Астана халықаралық қаржы орталығының өкілдері шымкенттік жастармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Халықаралық инвесторлар апталығы - 2018 аясында ұйымдастырылған шарада ОҚМУ студенттерінің қаржылық және инвестициялық сауаттылығын арттыруға бағытталған түрлі форматтағы жиындар өткізілді.
Жиынға қатысушыларға АХҚО негізгі стратегиялық бағыттары, мақсаты, аймақта капитал нарығын дамыту, активтерді басқару сияқты қаржылық кеңестер берілді. Орталықтың ағылшын құқығы принциптеріне сай жұмыс істейтін ТМД-дағы жалғыз қаржы орталығы екені айтылды. IOSCO құнды қағаздар жөніндегі халықаралық комиссия ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған шарада мемлекеттің экономикалық процестеріне жастарды тарту, өңірлік жоғары оқу орындар студенттерінің қаржылық және инвестициялық сауаттылығын қалыптастыру мақсатын көздейтін дәрістер өткізілуде.
«Бүгін біз студенттерге жалпы Халықаралық қаржы орталығының қызметі және оның қалай жұмыс істейтіндігі жөнінде ақпар береміз. Орталықтың қалай жұмыс істейтіндігін және онда қандай мүмкіндіктерді пайдалануға болатынын, студенттер үшін де оқу барысында қандай бағдар алуға, қалай жүзеге асыруға, қалай халықаралық қаржы орталығына келуге мүмкіндік болатынын түсіндірмекпіз. Қазіргі уақытта халықаралық қаржы орталығы бұл платформа саналады. Бұл платформада арнайы заң, құқықтық жүйе белгіленген. Конституциялық заңмен белгіленген. Ал, құқықтық жүйені жасаудың мақсаты - инвесторларға, болашақта Қазақстанға келетін компанияларға түсінікті, өздері білетін ағылшын құқықтық жүйесінің құрылғанын жеткізу болып отыр. Ең басты мақсат - халықаралық стандарттарды Қазақстанға алып келу. Бүгін сондай-ақ, шымкенттік компания басшыларымен осы бағытта жекелей кездесіп, сөйлесетін боламыз. Оларға түсіндіруге мүмкіндік туып отыр», - дейді Астана халықаралық қаржы орталығы Заң департаментінің директоры Нұржан Қосбаев.
Шара спикерлері ретінде АХҚО-ның қаржы қызметтерін реттеу, қаржы технологиялары, исламдық және жасыл облигацияларды шығару, бағалы қағаздар нарығына инвестиция тарту саласындағы мамандары қатысты.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаржы орталығының құрылуы халықаралық бизнес қоғамдастығының Қазақстанға деген сенімінің және табысты даму жолындағы берген жоғары бағасының белгісі саналатынын айтқан болатын. Орталықтың ағылшын құқығы принциптеріне сай жұмыс істеуі де әлемдік нарыққа үлкен жол ашады. Өйткені осы құқықтармен әлемдегі көптеген елдер экономикалық қарым-қатынастарын реттейді. Бұл Еуропа елдері немесе Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы мемлекеттер де болуы мүмкін. Даулар сауда-саттық пен экономикалық бағыттағы барлық салаларда кездесуі мүмкін. Мәселен, көлік, мұнай сияқты түрлі салаларда орын алып жатады. Осындай жағдайда бизнес өкілдері дауларды Халықаралық қаржы орталығының сотына немесе Төрелік сотқа жүгіне алады»,- дейді АХҚО әкімшілігінің сарапшысы Шейх Билал Хан.