АХҚО шымкенттік бизнес өкілдерін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -   «Астана» халықаралық қаржы орталығы шымкенттік бизнес өкілдерін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Жергілікті кәсіпкерлермен кездескен орталық сарапшылары бизнеске қандай жағдай жасалғаны, жасыл және ислам облигацияларын шығару ерекшеліктері жөнінде баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

АХҚО шымкенттік бизнес өкілдерін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды

«Халықаралық инвесторлар апталығы - 2018» аясында ұйымдастырылған шарада өңірлік бизнеске арналған презентация өтті. Онда АХҚО өкілдері орталыққа тіркелу процедурасының артықшылықтары мен тиімді тұстарын түсіндірді. 

«Біз аймақтағы бизнес өкілдеріне орталықтың жұмысын, бағытын түсіндіріп, қаржы саласы бойынша кеңінен баяндап отырмыз. Мысалы, исламдық және жасыл қаржыландыру жайлы айтып жатырмыз. Біздің орталыққа үлкен компаниялар, банктер келіп, тіркеліп, өздерінің офистерін аша алады. Сол арқылы басқа да қаржы орталықтарымен байланыс орнатуға болады. Инвесторлармен танысып, олар туралы толыққанды ақпарат алуға мүмкіндік бар. Басқа да алыс-жақын шет елдердегі қаржы орталықтарымен жұмыс істеуге жағдай жасалады»,- дейді АХҚО Ислам қаржыландыру департаментінің менеджері Қазыбек Жұман. 

Басқосуда сондай-ақ, қаржы қызметтері бойынша тұтынушылардың құқығын қорғау және инвестициялау негіздерін түсіндіру бойынша баяндамалар оқылды.

«Азаматтар жаңадан қаржылық қызметтермен айналысатын компания ашқысы келсе, біздің орталықта бизнес-жоспар жасай алады. Жоспар біздің талаптарымызға жауап берсе, орталыққа тіркейміз. Жан-жақты қарастырып, ақпараттық қолдау көрсетеміз. Кәсіпкерлер орталыққа тіркелу арқылы ағылшын заң қағидаларына сай жұмыс істейтін халықаралық сотқа жүгініп, өз құқықтарын қорғай алады. Төрелік ететін орталыққа да арыздана алады. Кей жағдайларда жеке және табыс салығынан босатылады. Шетелдік азаматтар кәсіпкерлікпен айналысам десе, өзі және отбасы мүшелері 5 жылға дейін визасыз жұмыс істей алады. Осы сынды көптеген жеңілдіктер қарастырылған»,-дейді АХҚО қаржы қызметтерін реттеу комитетінің сарапшысы Айым Қалдыхан. 

Айта кетейік, елімізде 1 қазаннан бастап Инвесторлардың екінші халықаралық апталығы өтуде. WIW-2018 жаһандық бастамасын қолдау мақсатында «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстанның Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды, Қостанай және Өскемен сынды ірі қалаларында тұрғындардың қаржылық және инвестициялық сауаттылығын арттыру бойынша түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіп жатыр. Бір апта бойы 80-нен астам қаржылық реттеуші ұйым мен 6 құрлықтың қаржы нарығына мүдделі қатысушылары бас қосуда.  

null
null
null